Басты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ АУДАН, ҚАЛАЛАРЫНДАҒЫ ШАҒЫН ӨНДІРІСТІК АЛАҢДАРДА ЖАҢА КӘСІПОРЫНДАР АШЫЛАДЫ

Түркістан облысының аудан және қалаларында кәсіпкерлікті дамыту және өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында жалпы 22 шағын өндірістік алаң құрылуда. Аталған алаңдардың жалпы аумағы 225,4 гектарды құрайды. Бүгінде бұл аумақтарда 256 өндірістік ғимараттың құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Өндірістік ғимараттарда іске асырылатын 152 инвестициялық жоба пысықталу үстінде. Жобалардың жалпы инвестициялық құны 212,8 млрд теңгені құрайды. Аталған жобалар іске асқан жағдайда өңірде мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамту деңгейі артады. Сонымен қатар, өңірдің өнеркәсіптік әлеуеті күшейіп, ішкі нарықта отандық өнім көлемі ұлғаяды.

Осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелер Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде кеңінен талқыланды. Мәжіліс барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне шағын өндірістік алаңдарды құру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

Облыс әкімі өз сөзінде:
– Барлық аудан және қалаларда өндірістік парктерді құру жұмыстарын 2025 жылдың 20 желтоқсанына дейін аяқтауды тапсырғанмын. Алайда кейбір аудан, қалаларда жұмыс қарқыны төмен. Бұл бағыттағы жұмыстарды бақылау және үйлестіру – жауапты басқарма басшысының тікелей міндеті. Өндірістік парктерді құру бойынша арнайы жол картасы бекітіліп, оның орындалуы басқарма мен әр аудан, қала әкімдерінің жеке бақылауында болуы тиіс. Өндірістік парктер заманауи талапқа сай, бәсекеге қабілетті жобалармен толықтырылуы қажет. Жұмыс орындарын ашу мен өндіріс орындарын көбейту – біздің негізгі басымдықтарымыз, – деп атап өтті.

▪️Сонымен қатар, облыс әкімі осы бағыттағы жұмыстарды кешеуілдетіп отырған аудан, қала әкімдерінің уәждерін тыңдап, нақты тапсырмалар берді. Жауапты тұлғаларға жұмысты ширату, инвесторлармен өзара байланысты күшейту және инфрақұрылым мәселелерін уақтылы шешу жүктелді.

▪️Түркістан облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтің айтуынша, шағын өндірістік парктерде орналасатын жобалардың басым бөлігі құрылыс материалдарын өндіру, пластик және резеңке өнімдері, жиһаз өндірісі, жеңіл өнеркәсіп және химия өнімдерін шығару салаларын қамтиды.

▪️Қазіргі таңда Сауран, Ордабасы, Шардара, Жетісай, Түлкібас аудандарында шағын өндірістік алаңдарды дамыту бағытындағы белсенділік жоғары. Алдағы уақытта жобалардың ауқымы кеңейтіліп, жаңа инвесторлар тарту арқылы өндіріс саласын әртараптандыру жұмыстары жалғасын табады.

▪️Жалпы, шағын өндірістік алаңдарды дамыту өңір экономикасының тұрақты өсуіне серпін беріп, шағын және орта бизнестің дамуына, сондай-ақ Түркістан облысының өндірістік әлеуетін арттыруға ықпал етпек.

Қатысты жаңалықтар

«Бойында күші, кеудесінде жүрегі бар жастардың біразы үш әріп боп сүмелеңдеп жүр» – журналист

Bastynews

Глава государства посетил чугунолитейный завод ТОО «KamLitKZ»

bastynews

Саша Барон: «кешірім сұрау ойымда жоқ» қазақстандықтарға жауап берді

Bastynews