Басты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: 2025 ЖЫЛ – ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ

2025 жыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл бастама еңбек нарығындағы сұранысты ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беруді жетілдіру, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және білікті кадрларды даярлау мақсатында қолға алынды. Түркістан облысы бұл бастаманы қолдап, жастарға кәсіби бағдар беру, дуалды оқыту жүйесін кеңейту, колледждерде инновациялық жобаларды іске асыру және түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде.

Түркістан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова атап өткендей:

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтар жылы». Оның негізгі мақсаты – ел экономикасын дамыту үшін білікті кадрлар даярлау, жастардың жұмысшы мамандықтарына қызығушылығын арттыру және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтардың мәртебесін көтеру. Сонымен қатар, кәсіптік-техникалық білім беру арқылы өндіріс пен қызмет көрсету салаларын кадрлармен қамтамасыз ету көзделіп отыр».

Облыстағы іске асырылып жатқан негізгі бағыттар:

  1. Кәсіптік бағдар беру – мектеп оқушыларына жұмысшы мамандықтарын насихаттау, кәсіби бағдар кабинеттерін ашу, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
  2. Жұмысшы кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру – дуалды оқыту жүйесін дамыту, жұмыс берушілермен ынтымақтастық орнату.
  3. Жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру – кәсіптік шеберлік конкурстарын өткізу, өндіріс орындарында тәжірибелік сабақтар ұйымдастыру.
  4. Колледждердегі инфрақұрылымды жаңарту – заманауи құрал-жабдықтар, инновациялық зертханалар, жаңа оқу құралдарын енгізу.
  5. Жаңа мамандықтар ашу – аймақ экономикасына сәйкес жаңа оқу бағдарламаларын әзірлеу.
  6. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау – стартап жобаларға қаржылай қолдау көрсету, бизнес-инкубаторлар ашу.

Қазіргі жағдай:

  • Түркістан облысында 50 колледж жұмыс істейді (28 мемлекеттік, 22 жекеменшік).
  • 75 мамандық бойынша 45 530 студент білім алуда (мемлекеттік – 28 585, жекеменшік – 16 945).
  • 30 колледжде жұмысшы мамандықтары бойынша 16 100 студент оқиды.
  • 2024-2025 оқу жылында 15 525 мемлекеттік тапсырыс берілген, оның ішінде 8 678 – жұмысшы мамандықтары.
  • 2025-2026 оқу жылына 15 500 мемлекеттік тапсырыс жоспарланған, соның ішінде жұмысшы мамандықтары 9 500-ге жеткізілмек.

Айгүл Қасымбекова атап өткендей, дуалды оқыту жүйесі арқылы студенттер өндірісте нақты тәжірибе алады, ал жұмыс берушілер колледждермен бірлесіп кадрларды нақты қажеттілікке сай даярлайды. Бұл жүйе түлектердің еңбек нарығына жылдам бейімделуіне, мамандыққа деген қызығушылықтың артуына мүмкіндік береді.

Түркістан облысында 2025 жылы жұмысшы мамандықтарына басымдық беру ел экономикасының дамуына және жастардың кәсіби әлеуетін толық іске асыруға айтарлықтай серпін береді.

Қатысты жаңалықтар

«Жеңуіміз мүмкін»: Айқын Төлепберген Боратты қалай жазалау керек екенін айтты

Bastynews

Дәрігерлер әйелді босандыру кезінде нәрестенің басын жұлып алған

Bastynews

ЖАС ЗЕРТТЕУШІЛЕРДІҢ ЖЕТІСТІГІ – БІЛІМ ОРДАСЫНЫҢ АБЫРОЙЫ

bastynews