Мемлекет басшысы мәдени-тарихи нысандардың инфрақұрылымын дамыту және туристер үшін қолжетімділігін арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Осы орайда Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен жиын өтті. Кездесуде өңірдегі тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтау, қорғау және осы саладағы өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.
Мәжіліс барысында туристік бағыттағы жобаларды дамыту, тарихи-мәдени мұралар тізіміне енген елді мекендерді насихаттау, мәдени шаралар өткізу, туристерді қызықтыратын инфрақұрылым құру мәселелері қозғалды. Сонымен қатар, тарихи нысандарға экспедициялар ұйымдастыру, тарихи тұлғалар мен маңызды оқиғаларды көрсетуге арналған мультимедиялық, голографиялық материалдар дайындау, Түркістан мұражайларында бейне инсталляциялар мен виртуалды көрмелер ашу, арнайы турөнімдер жасау, сондай-ақ халықаралық байланыстарды нығайту секілді бірқатар практикалық ұсыныстар талқыланды.
Жиында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Арыстан баб, Әмір Темір мемориалы, Отырар қалашығы, Бердібек сарайы сынды тарихи-мәдени нысандарға ерекше көңіл бөлінді. Бұл нысандарға туристік инфрақұрылымды жетілдіру, жол белгілері мен навигация жүйесін орнату, аялдама мен демалыс аймақтарын жақсарту, санитарлық-гигиеналық жағдайды реттеу, ақпараттық стендтер мен экскурсиялық қызметтерді дамыту мәселелері қаралды.
Облыс әкімінің орынбасары жауапты мекемелерге осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру жөнінде нақты тапсырмалар беріп, нысандардың туристік тартымдылығын арттыру үшін әртүрлі жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, тарихи нысандардың қорғау және қалпына келтіру іс-шараларын үйлестіру, жергілікті және халықаралық мамандармен тәжірибе алмасу, инновациялық технологияларды қолдану мәселелері де назарға алынды.
Айта кетейік, жалпы облыста 1780 тарихи-мәдени мұра нысаны тіркелген. Оның ішінде 167 нысан — халық көп шоғырланатын, туристердің келуіне ыңғайластырылған және мемлекеттік тізімге енгізілген маңызды орындар қатарында. Алдағы уақытта осы нысандардың инфрақұрылымы жаңартылып, туристер үшін заманауи қызмет көрсету деңгейі арттырылмақ. Жобалар жүзеге асқан соң, облыс аймақтық және халықаралық туристік бағыттарда бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, мәдени мұраны насихаттау деңгейі айтарлықтай артады.
