Түркістан қаласында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру және қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру мақсатында көше жарықтандыру жүйесін жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Қала аумағында қазіргі таңда 37 302 жарықтандыру нүктесі жұмыс істеп тұр. Оның ішінде, ішкі орам көшелеріне 450 дана жаңа шам орнатылған. Барлық шамдар заманауи, энергия үнемдейтін технологиялармен жабдықталған, бұл электр қуатын үнемдеуге және қалалық бюджет шығынын азайтуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта 30 көшеде жаңа электр шамдарын орнату, жарықтандыру желілерін тарту және техникалық жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жұмыстарға арнайы мамандар мен заманауи құрал-жабдықтар жұмылдырылған. Жарықтандыру желісі автоматтандырылған жүйе арқылы басқарылады: шамдар кешкі сағат 17:00-де қосылып, таңғы 07:00-де өшіріледі. Бұл жүйе тұрғындардың түнгі уақытта қауіпсіз қозғалуына, қоғамдық тәртіптің сақталуына және қала келбетінің жақсаруына оң әсер етеді.
Алдағы кезеңде қаланың инженерлік инфрақұрылымын жаңарту аясында жарықтандыру желілерін кезең-кезеңімен жаңғырту, қосымша нүктелер орнату жұмыстары жалғасады. Тозығы жеткен электр бағаналарын ауыстыру, жарықтандыру элементтерінің қызмет ету мерзімін ұзарту, сондай-ақ қаланың көркемдік бейнесін жақсартуға бағытталған дизайндық шешімдер енгізу жоспарланған.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының тапсырмасына сәйкес, жұмыс барысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін көшелерде жол қозғалысы белгілері мен бағыттаушы жарықтар орнатылып, қауіпті аймақтарға қосымша жарықтандыру шамдары қойылуда. Сонымен қатар, тұрғындардың қатысуымен тұрақты мониторинг жүргізіліп, кемшіліктер жедел түзетіледі.
Қала билігі тұрғындардың қауіпсіздігін, қоғамдық тәртіп пен қала инфрақұрылымының сапасын арттыруға басымдық беріп отыр. Жарықтандыру жүйесінің тиімділігі артқан сайын Түркістан көшелері тек қауіпсіз ғана емес, түнгі уақытта әсем көрініс беретін, заманауи қалалық орта стандарттарына сай келетін орталыққа айналады.
Бұдан бөлек, жарықтандыру жұмыстары қаладағы туристік аймақтар, мәдени орталықтар мен демалыс орындарын да қамтиды. Бұл Түркістанның тарихи және мәдени мұрасын дәріптеуге, туристік инфрақұрылымды дамытуға оң әсерін тигізеді. Жарықтандыру нүктелерінің сапасы мен санын арттыру арқылы қалалық өмір сапасы жақсарып, тұрғындардың сенімділігі мен тұрғын жайлылығы артады.
