Сарыағаш ауданындағы «Жабай ата» шаруа қожалығы тропикалық белдеуге тән жемістерді жерсіндіріп, жылына 200 тоннаға дейін лимон өнімін жинап отыр. Лимон ағаштары осыдан үш жыл бұрын егілген болса да, бүгінгі таңда толықтай жеміс беріп, шаруашылықтың негізгі өнімдерінің біріне айналды.
Шаруашылық басшысы лимон өсірудің алғашқы кезеңінде жердің тұздылығын төмендету және өсімдіктерді зиянкестерден қорғау мақсатында алғашқыда қияр мен қызанақ секілді өнімдерді ектік деп атап өтті. Бұл жердің өнімділігін қалпына келтіруге және болашақта тропикалық жемістерді тұрақты өсіруге мүмкіндік берді. Қазіргі таңда шаруашылықтың 12 гектар жерінде лимон ағаштары жеміс беруде, әр гектарға 800 түп ағаш егілген. Лимон ағаштарының жеміс беру мерзімі 30-40 жылға дейін, бұл ұзақ мерзімді перспективада тұрақты өнім алуға мүмкіндік береді.
Лимон көшеттерін шаруашылық көршілес Өзбекстаннан әкелген, ол климаттық жағдайға жақсы бейімделіп, жыл сайын сапалы өнім береді. Биылғы маусымда ағаштардан шамамен 200 тонна лимон жиналды. Алдағы жылдары өндірісті одан әрі арттыру жоспарланып отыр: бір гектардан 40-50 тоннаға дейін жеміс жинау көзделуде. Өнім негізінен ішкі нарықта саудаланып, жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлік субъектілерін сапалы лимонмен қамтамасыз етеді.
Шаруа қожалығының жұмысы жылыжайлық технологияларға негізделген, мұнда әр ағаштың күтімі автоматтандырылған және экологиялық таза әдістер қолданылады. Сонымен қатар, топырақ пен су ресурстарын тиімді пайдалану, зиянкестермен күрес және жеміс өнімділігін арттыру бойынша жүйелі шаралар жүргізілуде.
Қазіргі таңда жылыжайда 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың қатарында агрономдар, бапкерлер, жинау және өңдеу қызметкерлері бар. Шаруашылық тек өнім өндірумен шектелмей, кадрлық әлеуетті дамытуға, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға, заманауи жылыжайлық тәжірибелерді енгізуге де мән беруде.
Шаруа қожалығының тәжірибесі Сарыағаш ауданында тропикалық және субтропикалық жемістерді өсіру мүмкіндіктерін кеңейтуге, ауыл шаруашылығын әртараптандыруға және өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға үлгі болып отыр. Сонымен қатар, бұл жоба жергілікті халыққа тұрақты жұмыс орындарын ұсынумен қатар, сапалы және экологиялық таза өнімді тұрақты түрде өндіруді қамтамасыз етеді.
