Ақпарат

МЕГАПОЛИСТЕГІ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМ ИНТЕГРАЦИЯСЫ: АСМА ҚАЛЫБЕКОВАНЫҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде мегаполис жағдайындағы педагогикалық мұра мен ұлттық тәрбие жүйесінің өзектілігіне арналған маңызды ғылыми оқиға өтті. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған бұл халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция академик, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асма Ахметқызы Қалыбекованың 80 жылдық мерейтойына арналды.

«Қазақ халық тәрбиесінің асыл мұрасы» тақырыбындағы конференцияға Қазақстанның жетекші университеттерімен қатар, Ресей Федерациясы, Түркия Республикасы және Өзбекстан елдерінің ғылым және білім беру саласының танымал өкілдері қатысты. Жиынға қоғам қайраткерлері, халықаралық сыйлық иегерлері, профессор-оқытушылар құрамы мен жас зерттеушілер де белсенді түрде атсалысты.

С       алтанатты бөлімде университеттің Басқарма Төрағасы-ректордың м.у.а. Ернар Имангалиұлы құттықтау сөз сөйлеп, ғылыми қауымдастыққа сәтті диалог пен мазмұнды пікір алмасуға тілектестік білдірді. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сарсен Құранбек қалалық әкімдік атынан арнайы құттықтауын жеткізді.

Конференция аясында педагогикалық ғылымның заманауи трендтері мен трансұлттық интеграциялық мүмкіндіктері талқыланды. Ресейдің А.И.Герцен атындағы мемлекеттік педагогикалық университетінен келген профессор Трапицын Сергей Юрьевич заманауи білім беру менеджменті және кадрлік ресурстарды трансформациялау тақырыбында мазмұнды баяндама жасады. Профессор Асқарбек Құсайынов білім сапасын арттырудағы стратегиялық мақсаттарды атап өтсе, Гази университетінің өкілі, профессор Южель Гелишли мен Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Ботагүл Тұрғынбаева педагогикалық инновациялар мен ұлттық құндылықтар сабақтастығы мәселелерін көтерді.

Сондай-ақ Өзбекстаннан келген жас ғалым, PhD доктор Отажанов Джамшидбек Машрабжанович дәстүрлі тәрбиенің қазіргі білім беру жүйесіне ықпалы жөнінде баяндама жасады. Ал профессор Қорлан Жампеиісова мен профессор Камалбек Беркімбаев білім беру процесіндегі этнопедагогика әдіснамасын ғылыми негізде қарастырды.

Академик Асма Қалыбекованың ғылыми мұрасы – ұлттық педагогикалық мәдениетті жүйелі зерттеп, оны халықаралық ғылыми айналымға енгізу ісіндегі бірегей үлгі. Ғалымның еңбектері ұлттық тәрбиені жаңғыртудың ғылыми-теориялық базасын қалыптастырып, постиндустриалды қоғам жағдайындағы рухани жаңғыруға бағытталған. Профессор ұсынған педагогикалық концепциялар бүгінгі жаһандық мегаполис мәдениетіндегі білім беру саясатымен үйлесіп, жастардың ұлттық-рухани кодын сақтау мен дамытуға үлес қосып отыр.

Бұл конференция – ғылыми трансшекаралық байланыстарды нығайтатын, педагогикалық зерттеулердің сапалық жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал ететін халықаралық академиялық платформа болды. Білім мен ғылымның симбиозы негізінде өткен іс-шара педагогикалық қауымдастыққа серпін беріп, ғылымның гуманитарлық салаларындағы ұлттық болмыс пен халықаралық ынтымақтастық арасындағы байланысты айқындай түсті.

Қатысты жаңалықтар

ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ – ӘРБІР БАЛАҒА ТЕҢ МҮМКІНДІК!

bastynews

САУРАН АУДАНЫНДА ЭТНОС ЖАСТАРЫНА АРНАП КӨРМЕ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

bastynews

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНДА ТАСЫМАЛДАУ, САНИТАРЛЫҚ ЖӘНЕ ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ ТАЛАПТАРЫНЫҢ ОРЫНДАЛУЫ БАҚЫЛАУДА

bastynews