Шымкент қаласында 2025 жылғы жылыту маусымына дайындық аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Үшінші мегаполис мәртебесіне сай қаладағы әлеуметтік инфрақұрылымның, соның ішінде білім беру ұйымдарының қысқы кезеңге техникалық және инженерлік тұрғыдан толық әзір болуы басты назарда.
Қала аумағында барлығы 269 білім беру ұйымы бар. Оның ішінде 165 мекеме орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Ал 104 білім нысаны жеке қазандықтар арқылы жылытылатын болады. Жеке жылу көздерінің ішінде 10 нысан қатты отынмен, 3 нысан сұйық отынмен, 91 нысан табиғи газбен қамтамасыз етілген. Бұл көрсеткіштер жылу жүйелерінің әртараптандырылғанын және қауіпсіздік деңгейінің жоғары екендігін білдіреді.
Жылу маусымына дайындық аясында қазіргі таңда алты нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, екі жаңа мектептің құрылысы басталып, үш білім беру мекемесіне қосымша ғимараттар салынып жатыр. Сонымен қатар бір студенттік жатақхана құрылысы да кестеге сай орындалуда. 2025 жылғы жаңа оқу жылы қарсаңында осы нысандардың үшеуі пайдалануға беріліп, оқушылар мен студенттер үшін жаңа және жайлы білім беру ортасы қалыптасады деп күтілуде.
Білім беру инфрақұрылымын жаңарту және заманауи талаптарға сәйкестендіру мақсатында он білім беру нысанында күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған. Олардың қатарында тоғыз мектеп және бір балабақша бар. Атап айтқанда, №9, №10, №13, №26, №75, №99, №108, №109 жалпы орта білім беретін мектептер, №1 IT лицей-интернаты және №97 балабақшада жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл мекемелерде ішкі инженерлік желілер, жылу жүйелері, терезе-есік конструкциялары мен қасбеттер жаңартылып, санитарлық талаптарға толықтай сәйкестендірілуде.
Сонымен қатар, 271 мемлекеттік білім беру ұйымының 241-інде ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұл бағытта 396 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініп, қаражат толықтай игерілді. Барлық қажетті ақтап-сырлау, инженерлік жүйелерді тексеру, шатыр және есік-терезе жүйелерін нығайту жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталып отыр.
Аталған шаралар білім беру мекемелерінің қысқы кезеңде тұрақты жұмыс істеуіне, оқушылар мен педагогтердің қауіпсіз әрі жайлы ортада білім алуына кепілдік береді. Шымкент қаласы әкімдігі мен білім басқармасы тарапынан барлық жұмыстар кезең-кезеңімен бақылауда. Қаладағы жылу беру маусымына дайындық бойынша жауапты мекемелермен бірлесе отырып, техникалық аудит пен сапа мониторингі тұрақты түрде жүргізілуде.
Қаланың үшінші мегаполис ретінде өркендеуі білім беру жүйесінің тұрақтылығына да тікелей байланысты. Сондықтан инфрақұрылымды дамыту, қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз ету — мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты болып қала береді. Бұл жұмыстар қала тұрғындарына, әсіресе білім саласы қызметкерлері мен оқушыларға жыл бойы сенімді, үздіксіз қызмет көрсетудің кепілі болмақ.
