Жаңалықтар Қоғам

ЖАС ҰРПАҚТЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН АРТТЫРУ: №9 ІТ ЛИЦЕЙІНДЕ ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Шымкент қаласы Ө.А.Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицейінде кәмелетке толмаған оқушылар арасында «Баланың көзімен құқықбұзушылықтың алдын алу» тақырыбында байқау ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың қоғамдағы заңдылық пен тәртіпке деген жауапкершілік көзқарасын қалыптастыру және құқықбұзушылықтың алдын алу мәдениетін насихаттау болды.

Байқау аясында оқушылар өз ойларын шығармашылық арқылы жеткізуге мүмкіндік алды. Құқықтық тақырыптар төңірегінде жасалған мазмұнды баяндамалар, постерлер мен суреттер балалардың азаматтық ұстанымын, жауапкершілік сезімін және бейбіт өмірге деген ұмтылысын айқын көрсетті.

Сонымен қатар, іс-шара барысында «Зорлық-зомбылықсыз отбасы», «Вандализмге ЖОҚ деңіз!», «Сенің ата-анаң – сенің алғашқы досың», «Сен жалғыз емессің», «Сенің таңдауың – сенің өмірің» тақырыптарында сурет салу байқауы ұйымдастырылды. Бұл байқауға лицей оқушылары белсенді қатысып, өз туындылары арқылы зорлық-зомбылыққа қарсы үн қосып, отбасылық құндылықтарды, достықты, адамгершілік пен жауапкершілікті дәріптеді.

Сайысқа ұсынылған жұмыстар оқушылардың ойлау қабілетінің, шығармашылық қиялының және азаматтық белсенділігінің жоғары деңгейде екенін көрсетті. Әсіресе, жас жеткіншектердің өз құқықтары мен міндеттеріне деген түсінігі, құқықтық мәселелерге деген саналы көзқарасы байқалды. Байқау қорытындысы бойынша үздік жұмыстар анықталып, жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар мақтау қағаздарымен марапатталды.

Мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақтың бойында құқықтық мәдениетті қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Балалар өз құқықтары мен бостандықтарын біле отырып, құқықтық нормаларға сай өмір сүрудің маңыздылығын түсінеді. Сонымен қатар, олар өз ортасында тәртіп пен әділеттілікті сақтауға, достары мен айналасына құрметпен қарауға тәрбиеленеді.

Лицей ұжымы бұл байқауды тек оқу үрдісінің бір бөлігі ретінде ғана емес, сонымен қатар жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған тәрбиелік мәні жоғары кешенді жұмыс ретінде бағалап отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, құқықтық сауаттылық – бала тәрбиесінің ажырамас бөлігі, сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Шара барысында мұғалімдер мен психологтар тарапынан жасөспірімдерге арналған құқықтық кеңестер беріліп, әр оқушының жеке пікірін білдіруіне жағдай жасалды. Сонымен қатар, қатысушылар бейнематериалдар мен презентациялар арқылы заманауи қоғамдағы құқықбұзушылықтың себептері мен салдарын талқылап, өз ұсыныстарын ортаға салды.

Қатысты жаңалықтар

Tik-tok-тағы табыс немесе заманауи қайыршылар

Bastynews

«Жас сарбаз» – ел қорғаны болуға ұмтылған жастардың ерлік мектебі

bastynews

БІРЖОЛҒЫ ТӨЛЕМДІ 100 МЫҢНАН АСТАМ АЗАМАТ АЛДЫ

Bastynews