Ақпарат

ШЫМКЕНТТЕ БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ – ӨҢІРЛІК ДАМУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

Бүгінгі таңда Шымкент қаласы тек өндірістік және әлеуметтік-инфрақұрылымдық дамуымен ғана емес, білім мен ғылым саласындағы жаңашыл бастамаларымен де ерекшеленіп отыр. Қаладағы жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтар заманауи талаптарға бейімделіп, инновациялық жобаларды іске асыруда елеулі жетістіктерге қол жеткізуде. Бұл – Шымкенттің интеллектуалды қалалар қатарындағы орнын нығайтатын маңызды бағыт.

Қалада 8 жоғары оқу орны жұмыс істейді, олардың ішінде іргелі білім ордалары – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Шымкент университеті, Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ, Ә.Қуатбеков атындағы ҚХДУ сынды оқу орындары ғылым мен инновацияны дамытудың қозғаушы күшіне айналып отыр.

Мәселен, 2024–2026 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар конкурсы аясында М.Әуезов университеті жалпы сомасы 175 миллион теңгеден асатын 7 ғылыми жобаны жүзеге асыру құқығына ие болды. Атап айтқанда, қауымдастырылған профессор Ұлжалғас Бақытқызы жетекшілік ететін “Наноқұрылымды судың қасиеттерін кешенді зерттеу” жобасы 88 млн теңге көлемінде қаржыландырылды. Ал PhD Перизат Жақсылыққызы басқаратын «Жасанды интеллект негізінде педагогтардың қажуын болжау» жобасы 87 млн теңге грантқа ие болды. Бұл жобалар Қазақстан ғылымы мен практикалық білімінің өзара ықпалдастығын көрсетеді.

Шымкент университеті де соңғы жылдары бірқатар ғылыми бастамаларды қолға алды. 2018–2022 жылдар аралығында университет 9 шаруашылық келісім жобасын жүзеге асырып, жалпы көлемі 3 миллион теңгеден асатын зерттеу жүргізді. Бұл жобалар негізінен биология, экология және ауыл шаруашылығы салаларына бағытталды. Мысалы, «Қоязерін далалық жағдайда өсіру технологиясы», «Судың экологиялық сапасын жақсарту жолдары», «Биоайтқыш әзірлеу» жобалары өңірлік мәселелерді ғылыми тұрғыдан шешуге бағытталды.

Білім беру инфрақұрылымы да елеулі өзгерістерге ұшырауда. Smart City жобасы аясында 2024 жылы Шымкент қаласындағы 127 әлеуметтік нысан – мектеп, балабақша, ауруханалар – автоматтандырылған басқару және бақылау жүйелерімен жабдықталды. Цифрлық трансформация аясында 2024 жылы қала мектептеріне 10 975 жаңа компьютер сатып алынып, 1 компьютерге шаққандағы оқушы саны 4 балаға дейін төмендетілді. Бұл білім сапасын арттыруға, әсіресе, IT және STEM бағытындағы пәндерді меңгеруге үлкен мүмкіндік туғызды.

Академиялық ұтқырлықты дамыту, халықаралық серіктестік орнату да назардан тыс қалмауда. Шымкент университеттері Еуропа, Түркия, Оңтүстік Корея, Ресей, Қытай елдерінің жетекші оқу орындарымен тығыз әріптестік орнатып отыр. Оқу орындары Erasmus+, DAAD, Mevlana секілді халықаралық бағдарламалар арқылы жүздеген студент пен оқытушыға тағылымдамадан өтуге, тәжірибе алмасуға жағдай жасауда.

Қатысты жаңалықтар

«Жыныстық сауаттылық туралы оқытылады»: Ақпарат министрлігі

Bastynews

5 қыркүйек қандай күн екенін білесіз бе?

Bastynews

Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуде Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды

bastynews