Ақпарат Қоғам Саясат

АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМНЫҢ ДАМУЫ – АЗАМАТТАРДЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІНЕ ТӘУЕЛДІ

Азаматтық қоғам құру – баршамызға артылған абыройлы әрі мерейлі міндет. Өз кезегінде  үкіметтік емес ұйымдардың азаматтық қоғам құруда ел игілігіне тигізер пайдасы орасан.

Еліміз зайырлы әрі құқықтық мемлекет ретінде өркениетті жолмен даму жолын таңдаған. Билік институттары халықтың ұсыныс-пікірлеріне құлақ асып, өзекті мәселелердің түйінін бірлесе шешуге мүдделі.

Азаматтық қоғамды дамыту мен қалыптастыру мемлекеттік саясаттың маңызды стратегиялық міндеттерінің бірі саналады. Бұл сектордың рөлін арттыруға Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев үлкен мән беріп отыр. Президент: «Азаматық қоғам құру – біз үшін негізгі басымдықтың бірі», – деді.

Бүгінде еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкент қаласында азаматтық қоғам институттарының атқаратын қызмет аясы айтарлықтар артты. Қаламызда 560-тан астам үкіметтік емес ұйым тіркеліп, оның жүзден астамы белсенді жұмыс жүргізуде.

Үкіметтік емес ұйымдармен тікелей байланысты жұмыс істейтін ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы қоғам игілігіне бағытталған маңызды жобаларды іске асырып, нәтижелі жұмысын сөзбен емес нақтылы іспен дәлелдеген үкіметтік емес ұйымдарға тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Себебі, айтары бар ұйымдардың ерекше бастамаларын демеу, ұсыныстарын ескеру және сол бағытта жұмыс істеу қоғамдағы өзекті проблемалардың шешімін көрсетумен қатар, осы бағытта алда атқарылар жұмыс ауқымын жүйелеуге септігін тигізеді.

Осыдан үш жыл бұрын қаламызда «Азаматтық қоғамды дамыту жол картасы» жобасы аясында үкіметтік емес ұйымдарға арналған «Азаматтық ресурстық орталық» ашылып, белсенділердің игілігіне берілді. Орталықтың жұмысын ұтымды үйлестіру Шымкент қаласының «Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар қауымдастығының бірлестігіне тапсырылды. Бүгінде қажетті материалдық-техникалық құрал-жабдықтармен қамтылған орталық 58 үкіметттік емес ұйымның басын бір арнаға тоғыстырып, тындырымды жобаларды жүзеге асырып келеді.  

Үкіметтік емес секторды қалыптастыру, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды іске асыру, гранттық өтінімдерді толтыру, азаматтық қоғамды дамыту бойынша ақпараттық, әдістемелік, консультациялық қызмет көрсететін орталықта белсенді азаматтардың бір уақыт басқосып, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасып, диалог өткізуі үшін лайықты жағдай жасалған. 

«Азаматтық ресурстық орталықтың» сапына енген үкіметтік емес ұйымдардың атсалысуымен былтыр қаламызда 17 әлеуметтік жоба іске асты. 4 маусым – Мемлекеттік Рәміздер күні аясында отаншылдық пен Қазақстандық патриотизм құндылықтарын жас буын жадында жан-жақты дәріптеуді көздеген «Қазақстан  Республикасының Рәміздер күні» жобасы сәтті жүзеге асып, қоғам тарапынан лайықты бағасын алды.

«Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссиясы» Шымкент қаласындағы жұмыс тобының қызметі тиімді үйлестіріліп, 9 бағыт бойынша архивтерде зерттеу жұмыстары жүргізілді.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру», «Ерлік ұмытылмайды», «Тарихтан тағылым», «Бақытты отбасы – бақытты жан», «Бүгінгі медиа: біліктілік және қоғаммен байланыс», «Шымкент қаласына жаңадан қосылған және шеткі аймақтардағы тұрғындарға арналған құқықтық сауаттылық, өмірлік маңызды дағдылар және спорттық сайыстар» сынды түрлі жобалары жемісті жүзеге асты.

Биыл Шымкентте «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» тапсырысы негізінде «Азаматтық қоғамды дамытудың жол картасы» аясында үкіметтік емес ұйымдарға арналған ресурстық орталық қызметін ұйымдастыру, «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық ойындарын ұйымдастыру,  «Отбасы институты, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және әйелдердің мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріндегі рөлі», Елдің қоғамдық-саяси өмірінде әйелдердің рөлін ілгерілету, Азаматтық қоғам және жергілікті өзін-өзі басқару, «Қарызсыз қоғам» қаржылық сауатылық, Шымкент қаласының қоғамдық-саяси ахуалы мен өзекті мәселелерін анықтау, Маргиналды жастарға «Жаңа Өмір» жобасын ұйымдастыру, «Интелектуалды ұлт», Жастар арасында нашақорлықтың алдын алу, Жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, Жастар арасында отбасылық құндылықтарды нығайту бағытындағы  13 грант аясында жұмыс атқарылуда. Сонымен бірге үкіметтік емес ұйымдардың жастар саясатын іске асыруға қатысуын кеңейту, жастарды әлеуметтік маңызы бар жобаларға тартуды көздеген «Жас волонтер» , «Жас Сарбаз», «Мерейлі отбасы», «Fitness Park kz», «Мүмкіндігі шектеулі жастарға арналған іс-шаралар кешені», «Жастар арасында суицидтің алдын алу жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру», «Жасыл ел», «Туған жер», «Кітап Amanat» сындыа 13 жоба мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында іске асуда.

Мұндағы мақсат – жас буынды қоғам игілігіне қажетті жұмыстарға жұмылдыру арқылы – олардың жастар арасында кездесетін проблемаларды шешуге тікелей араласуына мүмкіндік жасау және қоғамның дамуына кері әсер ететін зиянды әдеттерден арылуына жағдай жасау.

Сөздің ашығы біздің елімізде азаматтық қоғам қалыптасу үстінде. Тәуелсіздік жылдары билік пен азаматтық қоғамның өзара серіктес әрі бір-бірін толықтырып отыратынын дәлелдеп берді. Біз азаматтық қоғамның қалыптасуы мен дамуы ең алдымен азаматтардың белсенділігіне тәуелді екенін ұмытпауымыз қажет. Әрбір азаматтың ел дамуына лайықты үлес қосуы және қоғамдық проблемаларды ұтымды шешуге атсалысуы –  азаматтық қоғамның жеңісі әрі жемісі деп білеміз.

Өз кезегінде біз – елімізді, қаламызды, ауылымызды дамытуға мүдделі, қоғамдық мәселелерді тиімді реттеуге ынталы азаматтар мен қоғамдық ұйымдардың көбеюіне және өзара әріптестік негізде әрдайым бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз.

Біздің мақсат – қоғам игілігі мен қоғам мүддесін көздейді.

Қатысты жаңалықтар

ЖИ: АЭС көп саланың өркендеуіне ықпал етеді

bastynews

Мұқтаждық па, масылдық па?

Bastynews

 Мұқтажы қайсы, масылы қайсы?!

Bastynews