Елімізде «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң 2015 жылы қараша айында қабылданып, 206 жылы қолданысқа енді. Сол кезден бастап, Қазақстан Республикасында әрекет ететін қоғамдық кеңестердің қызметі заң аясында реттелетін болды.
Азаматтық қоғамның мүдделерін білдіру және жергілікті деңгейде шешімдерді талқылау мен қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының азаматтық қоғаммен өзара әрекеттерін дамыту, қоғамдық бақылауды ұйымдастыру және жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету сынды міндеттерді атқаратын кеңес:
– бюджеттік, стратегиялық және аумақтарды дамыту бағдарламаларының жобаларын қарау;
– мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың жобалары мен олардың орындалуын тыңдау;
– атқарушы органдардың есептерін тыңдау;
-қайырымдылықтан түсетін ақшаның жұмсалуын талқылау;
– азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу;
– қызметтік әдеп нормаларының сақталуын қоса алғанда, мемлекеттік басқаруды жетілдіру;
– мемлекеттік аппараттың ашық жұмысын ұйымдастыру мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау;
– Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу және оларды мемлекеттік органдарға ұсыну;
– қоғамдық бақылауды қоғамдық мониторинг, қоғамдық тыңдау, қоғамдық сараптама және мемлекеттік органның қоғамның мүдделерін қорғауға бағытталған жұмыстары туралы есебін тыңдау секілді бірқатар маңызды әрі ауқымды өкілеттіктерге ие.
Қоғам игілігі үшін қызмет қылатын кеңес еліміздің үшінші мегаполисі Шымкент қаласының қоғамдық-саяси өмірінде белсенді жұмыс атқарып, миллионды мегаполистің күнделікті тыныс-тіршілігіндегі ең өзекті мәселелердің кеңестің диалог алаңында талқыланып, түйінді жайттардың түйінін тарқатуға сүбелі үлес қосып келеді.
ІІІ шақырылымдағы кеңес құрамы Шымкент қаласы мәслихатының 2022 жылғы 30 наурыздағы шешімімен бекітілген. Бүгінде белсенді 29 азаматтың басын бір арнаға тоғыстырған кеңес сапында 15 Үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілі, 2 мәдениет, 3 білім, 2 денсаулық сақтау саласының мамандары мен 3 кәсіпкер бар. Сонымен қатар, кеңес құрамына мүмкіндігі шектеулі азамат, кәсіби заңгер және журналист, енген. Шымкент қаласы қоғамдық кеңесінің ел аумағындағы өзге өңірлердегі кеңестерден басты ерекшелігі – кеңес құрамында мемлекеттік қызметшілер мен мәслихат депутаттарының болмауында.
Кеңес сапында нәзік жандылардың үлес салмағы 17,8 % болса, 82,2 %-ы ер азаматтардан қалыптастырылған. Жасы бойынша 35 жасқа дейінгі жастар 6, орта жастағылар 11, орта жастан жоғарылар 11.
Белсенді қоғам мүшелерінің тыңғылықты әрі нәтижелі жұмысын қамтамасыз ету мақсатында қала билігі Қоғамдық кеңесті арнайы ғимаратпен қамтамасыз еткен. Кеңес тұрақты түрде азаматтар арасында қоғамдық қабылдаулар өткізіп, комиссия отырыстарын жүйелі өткізіп келеді.
Бүгінде қоғамдық кеңес жанынан бюджет және экономиканың дамуы, инвестиция, азаматтық қоғам институттарымен байланыс, әлеуметтік саланың дамуы, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, құрылыс және коммуналдық салаларының дамуы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстарын бақылау, заңдылық, құқық тәртібі және жергілікті өзін-өзі басқару, жастар саясаты сынды 5 тұрақты комиссия жұмыс істейді.
Мұндағы кеңестің басты міндеті – халықтың қоғамдағы күрделі әрі өзекті мәселелері бойынша үнін жергілікті билікке дер кезінде жеткізу. Көтеріліп проблемалар бойынша тиянақты ұсыныстар беру және олардың шешімін бірлесе табу жолдарын қарастыру. Тындырымды тірлігі арқылы қоғам арасында кеңінен танылған қоғамдық кеңес өз құзыреті аясында қоғамдық тыңдау өткізіп, қоғамдық экспертиза жасайды. Күн тәртібінде қаралған жайттар бойынша мемлекеттік мекемелердің есебін тыңдап, берілген ұсынымдардың орындалуына қоғамдық мониторинг жасайды.
Жоғарыда аталған қызметтерді жүзеге асыру барысында Қоғамдық кеңес отырыстарында, кеңес мүшелері қаламыздағы бірқатар әлеуметтік-экономикалық проблемаларды көтеріп, олардың оң шешілуіне атсалысты. Әр мәселені кеңес мүшелері жан-жақты саралап, талдап, тиісті әрі мүдделі мемлекеттік мекемелермен бірлесе жұмыс істеуге дайын екендігін нақтылы іс жүзінде дәлелдеді.
Биылғы тоғыз айда қалалық кеңестің жоспарлы отырыстарында қала әкімдігіне қарасты 15 басқарма мен аумақтық 3 департаменттің есептері тыңдалып, жұмыс нәтижелері сараланды. Күн тәртібінде қаралған 26 мәселе бойынша 112 ұсыным тиісті мемлекеттік мекемелерге жолданды.
Атап айтқанда, мектепке дейінгі мекемелер арасында актуализация жүргізу, саябақ аумағында жерленген мүрделерді қала сыртына ауыстыру, жасөспірімдер арасында суицидті азайту, дендрологиялық саябақтың жай-күйі, алдағы жылу беру маусымына дайындық жайы, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуді субсидиялау, инвестициялық субсидия және пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау сынды қоғам үшін аса маңызды ұсынымдар берді. Сонымен қатар миллионннан астам тұрғыны бар шаһар аумағынан қаланы биіктен бақылайтын мұнара тұрғызу, оқушылар үшін астрономия үйірмесін ашу сынды тың ұсыныстар қала басшылығына айтылып, қолдау тапты.
Бүгінде кеңестің атсалысуымен қала тұрғындарын мазалаған бірқатар мәселелер оң шешімін тауып келеді. Мәселен, Қызылжардағы тұрғындардың өтініші негізінде, қаланың бас жоспарына сәйкес сол аумақта жүргізілетін магистралды жолдың бағыты өзгертілді. Тұрғын үй кезегінен негізсіз шығарылған азаматтың қайтадан баспана кезегіне тұруына атсалысты. Салалық басқарма мен тұрғын арасындағы түсініспеушілік медиациялық келісіммен шешілді. Кезінде сенімгерлік басқаруға берілген №2 қалалық емхана қызметіне зерделеу жүргізіліп, нәтижесінде емхана мемлекетке қайтарылды. Білімді жастарды демеу мақсатында қала әкімінің грантын бөлу бастамасы қолдау тапты. Қала аумағындағы бірақатар индустриалды аймақтардағы кәсіпкерлердің электр қуатын қымбаттатпау туралы өтініші бойынша қала билігіне берілген ұсынысқа қала басшылығы қолдау көрсетті. Яғни, аталған аумақтарда кәсіпкерлер үшін электр энергиясының құны тұрақталды. Балалар теміржолы қайта жаңғыртылып, заман талабына сай веложол, жаяу жүгіру жолдары, бірнеше воркаут алаңы салынып, ел игілігіне тапсырылды.
Биыл кеңесте 70-тен астам нормативтік құқықтық акт жобалары қаралып, қорытынды берілді. Кеңес қызметін жетілдіру туралы салалық министрлікке бірқатар ұсыныстар жолданды.
Қорыта айтқанда, Қоғамдық кеңес – қоғам игілігі үшін қызмет етуден таймай, оның мүшелері бар әлеуетін қаламыздың өзекті мәселелерін билік институттарымен бірлесе шешіп, реттеуге күш салуда. Қоғамдық қызметі үшін жалақы алмайтын кеңес сапындағы белсенді азаматтар қашан да ел игілігі үшін жергілікті билікпен бірлесе әрі нәтижелі жұмыс істеуге мүдделі.
Атқарушы билік пен қарапайым тұрғындар арасында «алтын көпір» саналатын кеңес азаматтардың ұсыныс-пікірлерін назарға алып, қала аумағындағы ең өзекті жайттарды талқылап, елдің мұң-мұқтажын шешуге белсенді атсалысуда. Бұл белсенділік алдағы уақытта өз жалғасын тауып, шаһар өміріндегі түйткілді жайттардың түйінін тарқатуға сеп болары сөзсіз.