Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жолдады.
Онда мемлекет басшысы еліміздегі атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала келе, «Өткен сессияда жемісті жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда, Парламенттің екінші сессиясында 102 заң қабылданды. Оның ішінде қоғамдық бақылауға, адам саудасына қарсы күреске қатысты заңдар бар. Сондай-ақ ғылым және технология саясатын, жылу энергетикасын, басқа да мәселелерді реттейтін заңдар күшіне енді. Әлеуметтік салаға, әсіресе, балаларды қорғау ісіне айрықша көңіл бөлінді. Ұлттық қордан балалардың есепшотына қаржы аударуға қатысты заң қабылданды. Балаларды құмар ойынға тартқандар әкімшілік заң бойынша жазаға тартылатын болды. Кәмелетке толмаған балаларға зорлық-зомбылық көрсеткені үшін берілетін жаза қатайды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстың алдын алуға арналған заң қабылданды-деді.
Сондай-ақ, қазір көптеген азаматтың мойнында бірнеше несие бар екенінің жасырын еместігін айтып, оның – өте өзекті мәселе, қоғамдық қатер екенін де атап өтті.
«Халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігі тиетін басқа да көптеген шара қолға алынды. Сіздер бұл жұмыспен тікелей айналысып, халықпен әрдайым тығыз байланыста болдыңыздар. Мұның бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын орнықтыруға ықпал ететіні сөзсіз»-деген Президент арқаны кеңге салуға болмайтыны, әлі де атқаратын шаруа көп екенін айтты.
